Эпизоотиялық салауаттылық – ветеринариялық іс-шараларды уақтылы және сапалы орындау, сондай-ақ мал шаруашылығын дамытудың, мал шаруашылығы өнімі мен шикізатының сапасын айқындайтын биологиялық және азық-түлік қауіпсіздігінің маңызды өлшемшарты. Эпизоотиялық салауаттылықты, сондай-ақ жануарлардың биоқауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттік ветеринариялық қызметтің негізгі міндеті. Мал дәрігерлері ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар жүргізу үшін шаруа-фермер қожалықтарына және азаматтардың жеке қосалқы шаруашылықтарына жиі барады.
Ветеринариялық іс-шаралар – жануарлардың жұқпалы ауруларының профилактикасын, диагностикасын және емделуін қамтитын эпизоотияға қарсы іс-шаралар, халықты жануарлар ауруларынан қорғау шаралары, ветеринариялық салауаттылықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ жануарлардың өнімділігін арттыруға, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың, жемшөп пен жемшөп қоспаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруге бағытталған өзге де шаралар. Ветеринариялық іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілсе, эпизоотиялық жағдай айтарлықтай жақсарады.
Жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шаралар:
1) жануарлар мен адамға ортақ аурулардың пайда болуының және азықтан улануының, жануарларды ұстаудың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың, ветеринариялық препараттардың, жемшөптің Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында ветеринариялық-санитариялық жағынан таза аумақта;
2) шектеу шараларын немесе карантинді қоса алғанда, жануарлардың аса қауіпті ауруларының таралуының алдын алу және жою мақсатында індет ошағында, ауру таралған пунктте, бақылау аймағында, қорғаныш аймағында жүргізіледі.
Аса қауіпті ауруларға қарсы ветеринариялық іс-шаралар (алдын алу, диагностикалау, жою) жануарлардың аса қауіпті ауруларының тізбесіне енгізілген, профилактикасы, диагностикасы және жойылуы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын аурулар бойынша жүргізіледі.
Жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шараларды мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар жүргізеді.